Түркістан облысында шегіртке зиянкесіне қарсы ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Осы мақсатта өңірде 4 жедел штаб құрылып, арнайы мамандар мен техникалар жасақталған.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласындағы Қожатоғай ауылында орналасқан жедел штабтың жұмысымен танысып, дайындық барысын тексерді. Жергілікті билік өкілдері мен ауыл шаруашылығы мамандары қатысқан семинарда шегіртке дернәсілдерін анықтау, химиялық өңдеу және кейінгі тазалау жұмыстары бойынша міндеттер бекітілді. Жауапты тұлғаларға зиянкестермен күрес шараларын уақытылы әрі тиімді атқару тапсырылды.
Биыл шегірткеге қарсы химиялық өңдеу өңірдің 9 ауданында жүргізіледі. Мамандардың болжамы бойынша, дернәсілдер сәуір айының алғашқы онкүндігінде пайда болады. Жалпы, 1 миллион гектарға жуық жайылым жердің 15 мың гектарына химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстарға 980 анықтаушы мен 65 жұмысшы топ жұмылдырылып, олар алдын ала дайындықтан өтті.
Сонымен қатар, өңірдегі 65 жұмысшы топқа арналған жатын орындар дайындалды. Химиялық ерітінділерді дайындау үшін 206 су көзі белгіленді. Анықтаушыларды тасымалдау үшін 86 микроавтобус, су жеткізуге 45 арнайы көлік, жанар-жағармай тасымалдауға 30 көлік қарастырылған. Сонымен қатар, 2 990 жайылым жер иесіне ескерту беріліп, олар да анықтау жұмыстарына атсалыспақ.