Түркістан облысында бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Апталық аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров сала көрсеткіштерін саралап, алдағы жоспарларды нақтылады. Ол аудан және қала әкімдеріне спорт нысандарын салу мен жөндеу ісін жандандырып, инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруды тапсырды.
Әкімнің айтуынша, өңірде спорт саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары бар және оның толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Спорт тек денсаулық кепілі емес, жастар арасындағы теріс әдеттердің алдын алудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар Нұралхан Көшеров футбол клубтарын коммерцияландыру және кәсіпкерлерді спорт нысандарына инвестиция салуға тарту мәселесіне де назар аударды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың мәліметінше, аймақта 3540 спорт нысаны бар. Оның 86 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі 43,5 пайызға жеткен.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 10-ы 2026 жылға өтпелі. Биыл жоспарланған 102 нысанның 66-сы ел игілігіне берілді. 2026–2028 жылдарға арналған жаңа жоспар бойынша тағы 55 нысанның құрылысы жоспарланған.
2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, соның 15-і аяқталды. Биылдың өзінде облыс тұрғындарының 42,4 пайызы, яғни 911 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 3–18 жас аралығындағы 264 мың бала спорт үйірмелеріне қатысады.
Бұқаралық спортты насихаттау мақсатында облыс аумағында биыл 3200-ден астам іс-шара өтіп, оған 273 мың адам тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық көрсеткіш. Түркістан спортшыларының табысы да артып отыр: 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында олар әлемдік, азиялық және ұлттық жарыстарда 1248 медаль жеңіп алған.
Бұл жетістіктер Түркістан облысының спорт саласында жүйелі саясат пен нақты нәтиженің ұштасып отырғанын көрсетеді.
