Түркістан облысында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберіндегі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бағдарламаның орындалу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен жиында талқыланды. Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде атқарылып жатқан шаралар жайында баяндады.
Өткен аптада ауылдар мен қалаларда 173 сенбілік ұйымдастырылып, оған 58 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 173 тонна қоқыс жиналып, полигондарға жеткізілді. Облыс әкімдігі жоспарда көзделген іс-шаралардың орындалуын тұрақты қадағалап отыр. Игі бастамаға Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов, Шардаралық армрестлинг шеберлері және белгілі спортшылар Сағындық Тоғамбай, Ұлжан Сәрсенбек, Дидар Хамза сынды азаматтар қолдау білдіруде.
Жастардың экологиялық мәдениетін арттыру үшін «Jas Turkistan» волонтерлік қауымдастығы құрылып, өңірдегі еріктілер мен бастамашыл топтар біріккен. Бұл құрылым 6 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері 253 сенбілік, 17 семинар-тренинг, 29 экоплогинг, 23 спорттық жарыс, 9 экологиялық челлендж және 7 эко-марафон өткізілді. Сонымен қатар, 1000-нан астам экологиялық үнпарақ таратылған.
Экологиялық ахуалды бақылау үшін іске қосылған «TazaQazBot» жүйесіне 2928 өтінім түсіп, олардың 2920-сы орындалған, 8-і өңдеу кезеңінде тұр. Ал санитарлық нормаларды сақтамағандар арасында биыл 20 169 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 455 миллион теңге айыппұл салынған.
