ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУҒА ҚАРСЫ 300 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕКПЕ ЕГІЛДІ

Түркістан облысында 2025–2026 жылдарға арналған эпидемиялық маусым аясында тұмау инфекциясына қарсы ауқымды алдын алу шаралары жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірлік брифинг барысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, эпидмаусым кезінде Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 271 348 дозасы толықтай егілген. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 12,8 пайызы тұмауға қарсы екпемен қамтылған. Бұл көрсеткіш өңірде жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, брифингте зоонозды және аса қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық ахуалы да сөз болды. Атап айтқанда, зоонозды тері лейшманиозы бойынша өткен жылы облыс аумағында 56 жағдай тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 2,2 есеге төмендеген. Арыс, Шардара және Отырар аудандарында жыл сайын дезинсекция және дератизация жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында 2025 жылы 124 елді мекеннің санитарлық-қорғаныс аймақтарында жалпы аумағы 96 миллион 268 мың 740 шаршы метрді қамтитын профилактикалық дезинсекция жұмыстары атқарылған. Ал Сібір жарасына қарсы егуге жататын 2 974 адам жоспарға сәйкес толықтай вакцинациядан өткен.

Бұдан бөлек, бруцеллез ауруының ошақтарында ветеринариялық қызмет мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. 2025 жылы өңірде құтыру дерегі тіркелмегенімен, жануарлардан жарақат алған 5 994 адамға профилактикалық егу тағайындалып, олардың белгіленген мерзімде толық екпе алуы қатаң бақылауға алынған.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген қаржы есебінен иесіз жануарларды аулаумен айналысатын 18 топ құрылып, нәтижесінде 45 822 ит пен 2 094 мысық ауланған.

Мамандардың айтуынша, атқарылған бұл жұмыстар өңірде санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс әкімі Қайсар Маңқараев халықпен кездесіп,қаланы көркейтуге қатысты тапсырмалар берді

berdaly_oraz

Өңір жаңалығы: Қазығұртта «AL-FARABI»интеллектуалды ойыны өтті

Келесте коммуналдық сала қызметкерлеріне 32 бірлік жаңа техника табысталды