Түркістан өңірінде қонақүйлер саны 245-ке жетсе, демалыс орындары – 298, ал емдік-сауықтыру мекемелері – 117 нысанды құрап отыр. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қонақүйлерде орналасқан туристер саны 61,3 мың адамды құрап, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5%-ға өсті. Бұл мәліметтерді облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов өңірлік брифинг барысында жариялады.
Сала жетекшісінің айтуынша, биыл жыл басынан бері туризм қызметінің жалпы көлемі 1,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,3%-ға көп. 2025 жылдың алты ай қорытындысы бойынша өңірдің табиғи аймақтарына 80,2 мың адам, ал тарихи орындарына 520,7 мыңнан астам адам келген.
Туризм саласындағы негізгі капиталға биыл 33 млрд теңге инвестиция құйылды. Олардың ішінде «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» қонақүйлері мен «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы секілді нысандар бар. Сонымен қатар, шетелдік туристердің келуі де айтарлықтай артқан – «E-qonaq» жүйесінің деректеріне сүйенсек, қаңтар-маусым аралығында өңірге 24 мыңға жуық шетелдік қонақ келген. Бұл – өткен жылдың көрсеткішінен екі есе көп. Негізінен Қытай, Жапония, Италия және Германиядан келетіндер саны өсіп отыр.
Түркістанның туристік мүмкіндіктері туралы материалдар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып, өңірдің имиджі ілгерілеп келеді. Жыл соңына дейін қалада ескек есу каналы іске қосылып, Қолөнершілер қалашығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Күлтөбе қалашығы жобасын да аяқтау жоспарланған.
2025 жылы облыс көлемінде туризм саласында жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл бастамаларға 26,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады. Туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған 11,3 млрд теңгенің 6 жобасы да осы жылы іске асырылуы тиіс.
Жыл соңында Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Ал саладағы жалпы инвестиция көлемі 55,8 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ.
Мамандардың пікірінше, бұл қаржыландыру туризм инфрақұрылымын сапалы жақсартуға, қызмет көрсету стандарттарын арттыруға және өңірді халықаралық деңгейде танымал туристік орталыққа айналдыруға жол ашады.
