Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия аймақтардағы әлеуметтік ахуалды жіті бақылауға алып отыр. Осы мақсатта Түркістан облысына арнайы жұмыс тобы келіп, екі күндік сапар аясында әлеуметтік қолдау орталықтарының қызметімен танысуда.
Жұмысшы топ құрамына комиссия мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Олар Түркістан, Кентау қалаларында және Сайрам, Сауран, Төлеби аудандарында орналасқан Отбасын қолдау орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарына барып, атқарылып жатқан шаралардың тиімділігін зерделемек.
Бүгін комиссия мүшесі Баян Жандосова мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Тимур Мұратов Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті. Басқосуда өңірдегі әлеуметтік нысандардың қызметі, олардың тұрғындарға көрсетіп отырған көмегі және алдағы жоспарлары талқыланды.
Әсіресе, отбасын сақтау, жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне басымдық берілді.
Бердалы Ораз
