Түркістан облысында заңсыз жүк тасымалына қарсы рейд жүргізілді,-деп хабарлайды Арысинфо.кз.
Түркістан облысында ауыр жүк көліктерімен заңсыз тасымал жасау мен шамадан тыс жүктеме мәселесіне қарсы күрес күшейтілді. Облыс әкімі берген тапсырмаға сәйкес, аймақта арнайы рейдтік шара ұйымдастырылды.
Бүгін Сауран ауданы аумағындағы Бабайқорған тас жолы бойында өткен тексеру жұмыстарына облыс әкімдігі, Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Жергілікті полиция қызметі және облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары бірлесіп қатысты.
Негізгі мақсат – жер қойнауын заңсыз пайдалану әрекеттерінің алдын алу және ауыр жүк көліктерінің жол қозғалысына тигізетін теріс әсерін азайту. Әсіресе, рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тасымалдау салдарынан жолдардың тез тозуы, көлік қауіпсіздігінің төмендеуі және экологиялық зиян туындап отырғаны белгілі. Осыған байланысты бақылау шаралары күшейтіліп отыр.
Рейд барысында екі бірдей Howo маркалы жүк көлігінен заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижесінде аталған көліктер Сауран ауданындағы айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жүк машиналарының нақты салмағын өлшеп, заң талаптарына сәйкес айыппұл салды.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жүргізілмесе, ауыр техникадан түсетін шамадан тыс салмақ жол инфрақұрылымын тез бүлдіреді. Қалпына келтіруге кететін шығын да аз болмайды. Сол себепті жүк тасымалдау ережелерін қатаң сақтау тек мемлекет үшін ғана емес, барлық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін маңызды.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да рейдтік тексерістердің тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады. Бұл жұмыстар заңсыз тасымал фактілерін азайтып қана қоймай, кәсіпкерлер арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтеді деп күтілуде.
