Түркістан облысында өндіріс пен инвестиция көлемі айтарлықтай артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында өңірге 694,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға жоғары. Ең бастысы, тартылған қаржының басым бөлігі – 72,3%-ы жеке инвесторлардың есебінен. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы артқанын көрсетеді.
Аймақта түрлі ірі жобалар қолға алынып жатыр. Солардың ішінде мақта, күріш және өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын мен ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасы салынбақ. Бұл жобалар іске қосылғанда жергілікті нарықты ғана емес, экспорттық әлеуетті де күшейтеді.
Ауыл шаруашылығына арналған жаңа өндіріс орындары да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, полиэтилен мен крахмал негізінде жасалатын биологиялық ыдырайтын пластик бұйымдарын шығаратын зауыт салынады. Сондай-ақ органикалық қалдықтарды қайта өңдеу кешені, тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндіріс орны, автоматтандырылған кірпіш зауыты мен металл бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылмақ. Бұл жобалардың барлығы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиында әрбір жоба жан-жақты талқыланып, инвесторлармен ашық пікір алмасу жүргізілді. Әкім аудан, қала басшыларына және басқарма жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, инвесторлар алдындағы міндеттемелерді толық орындауды жүктеді.
Кездесуде инфрақұрылым мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Жаңа өндіріс орындарының үздіксіз жұмыс істеуі үшін электр, су, газ және жолмен қамтамасыз ету өзекті мәселе екені айтылды. Әкімнің айтуынша, ірі компанияларға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Инфрақұрылым дамыған сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасы серпін алады.
– Түркістан облысы үшін әрбір инвестициялық жоба стратегиялық маңызға ие. Қазір барлық аудан мен қалада өндірістік нысандарды ашуға басымдық беріп отырмыз. Әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Жобалар дер кезінде іске асырылуы тиіс. Инвесторлар да өз міндетін адал орындап, өңір дамуына үлес қосуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Штаб отырысында бірқатар кешігіп жатқан жобалардың жай-күйі де қаралды. Әсіресе Түркістан қаласында қуаттылығы 27,6 МВт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылысына ерекше назар аударылды. Бұл нысан іске қосылғанда қаладағы энергия тапшылығы азайып, жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес инвестициялық штабтың жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Әрбір жоба жеке бақылауда ұсталып, орындалу барысы тұрақты қадағаланады. Соңғы айларда жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған бастамалар қарқын ала бастады.
Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық ахуалы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ірі жобалардың жүзеге асуы өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
