2026 жылдың алғашқы екі айында Түркістан облысы аумағында 154 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (190 оқиға) 18,9 пайызға төмен екенін көрсетеді.
Апат салдарынан зардап шеккендер саны да азайған. Нақтырақ айтқанда, зардап шеккендер 289-дан 228 адамға дейін қысқарып, 21,1 пайызға төмендеген. Оның ішінде жарақат алғандар саны 255-тен 199 адамға дейін азайса (22%), қаза тапқандар саны 34-тен 29-ға дейін төмендеп, 14,7 пайызды құраған.
Кәмелетке толмағандар арасында жарақат алғандар саны 62-ден 43-ке дейін азайып, 30,6 пайызға төмендеген. Алайда қаза тапқан жасөспірімдер саны 3-тен 4-ке өсіп, 33,3 пайыздық өсім байқалған.
Ең көп жол апаты тіркелген аймақтар қатарында Жетісай ауданы (20), Сайрам ауданы (17), Түркістан қаласы (16), Сарыағаш ауданы (13), Түлкібас ауданы (12), Созақ ауданы (11) және Арыс қаласы (10) бар.
Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі аудандық маңызы бар автожолдарда және елді мекендер аумағында орын алады. Апаттардың негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Атап айтқанда, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, маневр жасау тәртібін бұзу және қарсы бағытқа шығып кету сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ел аумағындағы жол апаттары туралы толық мәліметті комитеттің «Авариялар картасы» порталынан көруге болады.
