Түркістан облысында жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді

 

Түркістан облысында қысқы кезеңде автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Өңір аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. 2025–2026 жылдардағы қысқы маусымда облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін қардан уақтылы тазалау үшін 330 арнайы техника мен 1155 жұмысшы жұмылдырылмақ. Көктайғақтың алдын алу мақсатында 10 151 текше метр құм және 2278 тонна тұз қоры дайындалған. Сонымен қатар техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін 178,6 тонна дизель және 44,1 тонна бензин отынына келісімшарттар жасалған.

Жолдардың қысқы маусымдағы жай-күйі облыс әкімдігінде арнайы талқыланып, өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жолдардың қысқа дайындығын тұрақты бақылауда ұстап, қосымша техника мен жұмыс күшін тартуды, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын арттыруды тапсырды. Облыс әкімі басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін сақтау екенін атап өтті. Қауіпті учаскелерде рейдтік шараларды күшейтіп, қар тазалау жұмыстарының уақтылы орындалуын қадағалау қажеттігін ескертті. Жоспарланған жұмыстар орындалмаған жағдайда жауапты басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралатыны да қатаң ескертілді.

Мәжіліс барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жуматаевтың есептері тыңдалды. Олардың айтуынша, ауа райының қолайсыз жағдайына дайындық толық жүргізілген, жолдардың жағдайы тұрақты бақылауда. Облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы асуларда жолда қалған жолаушыларға арналған 4 жылыту бекеті жұмыс істейді. Олар Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданындағы Ащысай мен Таскөмірсай асуларында орналасқан. Жылыту бекеттері көмірмен, төсек-орынмен және азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, бір мезетте 40 адамды қабылдай алады.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 678 шақырым. Бұл жолдарды күтіп ұстау үшін облыс аумағында 3 жол пайдалану бөлімшесі, 12 жол пайдалану пункті және құм мен тұз сақтайтын 2 ірі қойма жұмыс істеп тұр. Қысқы кезеңге 9600 текше метр құм, 7 мың тонна тұз және 46 тонна химиялық реагент дайындалған. Жұмылдырылатын жұмысшылар саны – 140, ал арнайы техникалардың жалпы саны – 69. Биыл қосымша 16 ірі техниканы сатып алу жоспарланған.

Жолдарды қысқы күтіп ұстау бағытындағы бұл шаралар өңірдегі көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкент: Зейнеткерлердің таңғы жаттығуында әуен қосуына шектеу қойған полиция әрекеті талқыға түсті

berdaly_oraz

Арыста тұрғындар ағаш отырғызуға жұмылды: «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы өтті

berdaly_oraz

Шымкентте Отан қорғаушылар күніне арналған гала-концерт өтті

berdaly_oraz