Түркістан облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы талапқа сай өтіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Апта басында өткен кеңесте облыс басшысы жылу беру мәселесін жан-жақты саралап, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде қажетті отын қоры жеткілікті екенін, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толық жылумен қамтылғанын мәлімдеді.
Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар штаттық режимде, температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Жылу беру үдерісі тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етілген.
Облыс бойынша көмірге деген сұраныс 580,4 мың тоннаны құрайды. Оның 515,6 мың тоннасы, яғни 88 пайызы жеткізілген. Бюджеттік ұйымдар көмірмен толық қамтамасыз етілсе, жеке сектордағы тұрғындардың 95 пайызы қажетті көлемді алған. Жылыжайлардың қамтылуы 80 пайыз деңгейінде. Сонымен қатар теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры бар. Жылыжайларға нақты жеткізілген көлем 213,4 мың тонна.
Газбен жабдықталған елді мекендерде 333 753 абонент тіркелген, олардың 323 634-і газға қосылған. Ал 1 886 абонент техникалық немесе құжаттық мәселелерге байланысты әзірге қосылмаған. Сондай-ақ 8 233 абонент бос учаскелер немесе құжатсыз нысандар ретінде тіркелген. Бұл бағытта Арыс және Кентау қалаларында жұмыс күшейтіліп, газбен қамту мәселесін толық шешу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Барлық тұтынушыларды газға толық қосу жұмысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Тұрғындардың қауіпсіздігі де ерекше назарда. «Газ инспекциясы» қызметі улы газдан уланудың алдын алу шараларын күшейтіп, облыс бойынша 300 мыңнан аса нысанды аралаған. Түсіндіру жұмыстары білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет мекемелерінде, кәсіпкерлік нысандарында және жеке тұрғын үйлерде жүргізілді. Жалпы 1 005 білім беру ұйымы, 594 медицина нысаны, 76 спорт мекемесі, 265 мәдениет ғимараты, 29 589 кәсіпкерлік нысан, 205 монша, 99 қонақ үй мен жатақхана, 271 886 жеке үй және 1 640 көпқабатты тұрғын үй тексеруден өтті.
Жылыту маусымының тұрақты жүруі облыстың инженерлік инфрақұрылымының дайындық деңгейін және жауапты құрылымдардың үйлесімді жұмысын көрсетеді.
