Түркістан облысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мен газ жүйелерін пайдалану мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында жылыту кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Облыс әкімі барлық құзырлы органдардың үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтіп, жауапты басшыларға қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
«Әр отбасының қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Тәртіп пен сақтық – кез келген төтенше жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы. Сондықтан әрбір тұрғын жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Өрт қауіпсіздігі мен газбен уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда», – деді Нұралхан Көшеров.
Жылыту маусымы басталысымен облыста газдан улану және тұрмыстық өрт оқиғалары жиілейді. Сала мамандарының айтуынша, мұндай жағдайлардың көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындайды. Пешті дұрыс пайдаланбау, мұржаны уақтылы тазаламау және электр желілерінің тозуы негізгі себептердің қатарында. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 300-ден астам өрт тіркелген.
2025 жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында 30 мыңнан астам үй тексеріліп, 19 805 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталған. Оның ішінде электр сымдарының ескіруі мен мұржалардың ластануы жиі кездеседі. Бүгінгі күні 10 497 бұзушылық жойылып, шалғай ауылдардағы 18 694 үй қайта тексеруден өтті.
Облыс бойынша 17 газ инспекциясы құрылып, олардың қызметін жетілдіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бірқатар аудандарда штат толықтырылып, мамандар планшет, интернет және ЕРАП жүйесімен қамтамасыз етілуде.
Өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мақсатында жыл басынан бері 150-ден астам түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Мешіттерде жұма намазы алдында «Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі» және «Улы газдан уланудың алдын алу» тақырыптарында уағыздар мен дәрістер өткізіліп, 20 мыңға жуық адам қамтылды.
Қала көшелеріндегі және ірі сауда орталықтарындағы LED экрандарда қауіпсіздік туралы бейнероликтер тұрақты көрсетілуде. Білім беру ұйымдарында 75 ашық сабақ өткізіліп, оқушылар мен студенттерге өрт пен газ қауіпсіздігі жөнінде практикалық нұсқаулықтар берілді.
Облыс аумағында «Қауіпсіз тұрғын үй», «Қауіпсіз мұржа», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы» және «Қауіпсіз сауда» акциялары ұйымдастырылды. Сауда орындары мен базар иелеріне нұсқамалар беріліп, 14 базар мен 3 ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
2025 жылдың басынан бері облыс бойынша 11 088 тұрғын үйге газосигнализатор құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, жылыту маусымы соңына дейін облыстың барлық аудан мен ауылдарында қауіпсіздік шаралары кешенді түрде атқарылатын болады.
