ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖЕТІСАЙДА БОЛҒАН ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІН ОҚИҒА ОРНЫНА БАРЫП, ЖҰРТҚА КӨҢІЛ АЙТТЫ

 

Түркістан облысында орын алған ауыр жағдайға байланысты аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл түрде барып, өрт салдарынан қаза тапқан отбасының туыстарына қайғыра көңіл айтты. Әкім оқиға болған үйді көріп, алғашқы бағалауды жүргізді және тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға барып, оқиғадан аман қалған азаматтардың жағдайын жеке бақылап шықты.

Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын, барлық зардап шеккендерге мемлекеттің тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оның айтуынша, трагедияның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін барлық күш жұмылдырылған.

Аймақ әкімі өз сөзінде бұл жағдайдың бүкіл облыс үшін орны толмас қайғы екенін айтып өтті. Ол тергеудің толық әрі объективті жүргізілетінін, ешбір деталь назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі тарапынан медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек ұйымдастырылған. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін өткізуге де толық көмек көрсетілетіні мәлім болды.

18 қараша күні таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы төтенше жағдайлар қызметіне хабар түскен. Өрт сөндіру жасағы жеткенде үй толықтай отпен шарпылғаны анықталды. Мамандар тілсіз жауды 360 шаршы метр аумақта толығымен өшірді. Барлау жұмыстары кезінде үйден ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Сонымен қатар тоғыз баланы қоса есептегенде, жалпы 12 адамның денесі табылды.

Қазіргі уақытта оқиға орнында аудан әкімі, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жұмысын жалғастыруда. Өңірге облыс әкімімен бірге Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы және денсаулық сақтау басқармасының жетекшілері келіп, жағдайды бақылауға алды.

Президент тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, жергілікті тұрғындарға қажетті қолдау көрсетілуде. Барлық жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталып, өрттің шығу себептері анықталуда.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСТА «ҚҰҚЫҚТЫҚ ДӘРІХАНА» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Redaktor Arysinfo

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

berdaly_oraz

Түркістанда Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» салтанатты іс-шарасы өтті

Redaktor Arysinfo