Түркістан облысының шалғай ауылдарына «Самұрық-Қазына» АҚ бастамасымен ұйымдастырылған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келіп, тұрғындарға тегін медициналық және заңгерлік көмек көрсетуде. Арнайы пойыз Жылға, Шеңгелді, Бадам, Игілік және Састөбе ауылдарына аялдап, халықтың денсаулығын тексеріп жатыр.
Кестеге сәйкес, пойыз Жылға ауылында 6-8 қараша аралығында, Шеңгелдіде 9-10 қарашада, Бадамда 11-12 қарашада, Игілікте 13-14 қарашада, ал Састөбеде 15 қараша күні қызмет көрсетеді. Бұған дейін дәрігерлер Екпінді, Бесарық, Шойтөбе, Күншағыр және Тимур ауылдарының тұрғындарын қабылдаған.
Медициналық қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі, әрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар да тексеруден өте алады. 29 түрлі бағыттағы дәрігерлер қабылдау жүргізіп жатыр. Олардың қатарында терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, ЛОР, стоматолог, гинеколог, уролог және басқа да мамандар бар.
Пойыз ішінде заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Мұнда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия сияқты тексерулерден өтуге, зертханалық талдау тапсыруға болады. Кей жағдайларда дәрігерлер шағын хирургиялық операциялар да жасайды. Барлық санитарлық және техникалық талаптар қатаң сақталған.
Медициналық көмектен бөлек, тұрғындарға құқықтық кеңес те беріледі. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері – заңгерлер мен медиаторлар азаматтарға әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары және сот істері бойынша тегін кеңес ұсынады.
Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» пойызы еліміздің 123 елді мекенін қамтиды. Алты айдың ішінде 100 мыңнан астам азамат сапалы медициналық қызмет алады деп жоспарланған. Бұл – аудан орталығынан алыс ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндік. Түркістан облысындағы жұмысын аяқтағаннан кейін пойыз Жамбыл облысына бет алады.
Жоба 2010 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ тобының әлеуметтік жобаларды дамыту қоры – Samruk-Kazyna Trust, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның серіктестігімен жүзеге асырылып келеді. Медициналық пойыздың толық қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.
