ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

 

Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алды. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастаған өңір делегациясы Сиань қаласына барып, Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары Чэнь Чуньцзянмен кездесті. Келіссөздер Қазақстанның Қытайдағы Бас консулдығының қолдауымен өтті.

Тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту, бірлескен өндіріс орындарын ашу және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Бұл бағыттағы ынтымақтастық маусым айында Орталық Азия – Қытай саммитінде қол қойылған бауырластық келісімінен бастау алған еді. Сапар барысында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбаев пен Линьтун ауданының партия комитетінің хатшысы Мяо Цзи өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Линьтун – Сиань қаласының шығысындағы тарихи өңір. Мұнда әлемге әйгілі Цинь Шихуан кесенесі мен Терракота әскері кешені орналасқан. Туризмнен бөлек, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және мәдени алмасу салалары да қарқынды дамып келеді.

Түркістандық делегация Шэньсидегі ірі кәсіпорындармен бірқатар келіссөздер жүргізіп, құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сауда-логистикалық орталықтар ашу және энергетика саласында бірлескен жобаларды талқылады. Сондай-ақ G2B форматындағы кездесулерде қытайлық инвесторлар жүгері зауытын салу, аймақаралық туризмді дамыту және әуе қатынасын кеңейтуге қызығушылық білдірді. Делегация сүт өнімдері мен соя майын өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен де танысты.

Сапар нәтижесінде Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы байланыс нығайып, өңірдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік туды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда «Республика жастары: Болашаққа бағдар – Елге қызмет!» атты форум өтті

berdaly_oraz

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА 12 ЖАСАР БАЛАҒА «ТҰСАУ КЕСЕР» ЖАСАДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістан – инвестициялық келіссөздердің жаңа алаңына айналуда

berdaly_oraz