Түркістан облысының модульді лагерьлері – еліміздегі «Ең үздік жоба»

Балаларға арналған жазғы сауықтыру ісін жетілдіру бағытында Түркістан облысында жүзеге асқан жаңа бастама республика көлемінде жоғары бағаға ие болды. Биыл алғаш рет өңірде іске қосылған модульді лагерьлер жүйесі 2025 жылғы «Ең үздік жоба» аталымының жеңімпазы болып танылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен мемлекеттік лагерьлер желісі кеңейіп, өңірде қосымша орындар ашылды. Соның нәтижесінде 5 мемлекеттік лагерьдің аумағында 52 заманауи модульді жатақхана тұрғызылып, жазғы демалыс маусымында 7,5 мыңнан астам бала сапалы демалыспен қамтылды. Жоба тиімділігі – мемлекет қаржысын үнемдей отырып, балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасауы.

Аталған жетістік бүгін Бурабайда өткен тамыз кеңесі аясындағы «Біз бірге жасаған жаз: сабақтар, қорытындылар және болашаққа бағдарлар» атты панельдік секция жиынында ресми түрде таныстырылды. Жиын барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин модульді лагерьлер жобасының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, балалардың тек демалысын ұйымдастыру емес, сонымен қатар жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басты құндылық болып отыр.

Биылғы жылдың тағы бір ірі жетістігі – «Алатау» оқу-сауықтыру орталығының ашылуы. Бұл орталық тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтіндігімен ерекшеленеді. Жаз айларында 2100 бала тынығу мүмкіндігіне ие болса, жаңа оқу жылынан бастап мұнда 5000-нан астам оқушы қабылданады деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, облыстағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру аясында биыл 43 мыңнан астам оқушы сауықтыру шараларымен қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік лагерьлерде – 23 838 бала (өткен жылы 16 мың болған), жеке лагерлерде – 11 500, түрлі қорлардың қолдауымен – 2465, ата-аналардың есебінен – 5420 бала демалды. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы бұл көрсеткіш 35 мың баланы құраған.

Түркістан облысының тәжірибесі республика үшін үлгі боларлық бастамаға айналды. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың рухани әрі физикалық тұрғыда дамуына қолайлы жағдай жасау – келешекке бағытталған маңызды қадам. Сондықтан өңірде бастау алған модульді лагерьлер тәжірибесі алдағы уақытта басқа аймақтарға да таратылуы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Түлкібастық шаруа мал азығының жаңа түрін өсіруді қолға алды

Түркістан облысында әкімдер мен басқарма басшыларының жұмысына жаңа бағалау жүйесі енгізіледі

berdaly_oraz

Сарыағашта Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ассамблеяның 30 жылдығы кең көлемде аталып өтті

berdaly_oraz