ТҮРКІСТАН: ОРАҢҒАЙДА ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛУҒА ЖАҚЫН

Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында психоневрологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған жаңа оңалту орталығының құрылысы аяқталуға таяды. 50 орынға лайықталған әлеуметтік нысанның жай-күйімен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев арнайы барып танысты.

Бұл орталық партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың бірі. Нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бір жыл бұрын дәл осы ауылда мүмкіндігі шектеулі ересектерге арналған 200 орындық орталық ашылған болатын.

Ресми деректерге сәйкес, Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, оның ішінде шамамен 15 пайызы – балалар. Арнайы мекемелердің тапшылығы өңірде көптен бері көтеріліп жүрген мәселе болатын. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайды. Құны – 3,2 млрд теңге. Мұнда тұрғын бөлмелерден бөлек, жеке және топтық оңалтуға арналған кабинеттер, психолог, психиатр, логопед және невролог бөлмелері, физиотерапия блогы, емдік дене шынықтыру залы мен асхана қарастырылған.

Депутат Ерлан Абдиев орталықтың ішкі инфрақұрылымымен танысып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың қамтылуына назар аударды. Жабдықталған сенсорлық бөлмелер, Монтессори кабинеттері, аквабөлме, спорт және акт залдары, компьютерлік сыныптар мен кітапханалар балалардың әлеуметке бейімделуіне жол ашады. Орталық директоры Ляззат Есназарованың айтуынша, мекеме Конституцияның 30 жылдық мерекесі қарсаңында ашылып, 3 пен 18 жас аралығындағы 50 балаға қызмет көрсетеді. Бұған қоса, күндізгі бөлімде көрші аудандардан келетін тағы 30 бала қабылданады.

Мұнда дефектологтар, логопедтер, психологтар мен еңбек терапевттері жұмыс істеп, балалардың өз-өзіне қызмет ету дағдыларын дамытуға көңіл бөледі. Құрал-жабдықтардың көбі отандық өнімдер. Орындықтар мен парталар балалардың бойына сәйкестендірілген, ал емдік дене шынықтыруға арналған заманауи қондырғылардың ішінде Оңтүстік Кореядан әкелінген механикалық ат құрылғысы да бар. Ол иппотерапияның 10 әдісін қамтып, әр 2 минут сайын түрлі жаттығуларды орындайды. Сондай-ақ сенсорлық үстелдер, мотомед аппараттары және ұсақ моториканы дамытуға арналған жабдықтар қойылған.

Ерлан Абдиевтің айтуынша, бұл орталықтар тек әлеуметтік жоба ғана емес, қоғамдағы инклюзия саясатының нақты жүзеге асуының көрінісі:
«Кедергісіз орта – қағаздағы ұран емес, адамдардың өмірін жеңілдететін шешім. Бұл орталық ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына үміт сыйлайды. Біз қабылдайтын заңдар мен бағдарламаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесін ескеруді жалғастырамыз», – деді депутат.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы ел бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинетін және 5,5 мың балаға арналған 688 бейімделген спорт секциясын ашқан. Жыл басынан бері 600 еңбек ұжымында түсіндіру кездесулері өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жұмыс квотасының сақталуына баса мән берілуде.

Өткен жылы Мәжіліс қабырғасында қабылданған бірқатар заңнамалық өзгерістер осы санаттағы азаматтардың құқығын кеңейтті. Атап айтқанда, мүгедектігі бар жандарға баспана алу кезегінде басымдық беріліп, жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға ұлғайтылды. Сонымен бірге, арендалық баспанада тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оны тегін жекешелендіру құқығы берілді.

Ұқсас жаңалықтар

5 мың адам көлік салығын төлемеген

Ералы Тоғжанов Келес ауданындағы ауыз су нысандарын тексерді

berdaly_oraz

Арыста заңсыз жүк тасымалына қарсы рейдтік шаралар жалғасады