Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Маңызды нысанның іргетасына капсула салу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құрылыс жұмыстарының басталуына ресми түрде старт берді.
Аймақ басшысы өз сөзінде ана мен бала денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту міндеті қойылған. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
– Тарихи Ордабасы жерінде жаңа медициналық нысанның бой көтеруі – өңір үшін маңызды оқиға. Өткен жылы шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды. Ал бүгін Темірлан ауылында облыстық деңгейдегі 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталып отыр. Бұл орталық Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Енді тұрғындар облыс орталығына қатынамай-ақ, қажетті медициналық көмекті осы жерде ала алады, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа медициналық мекеме жүкті әйелдер мен нәрестелерге заманауи әрі жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Перинаталдық орталық ана мен бала өлімін азайтып, өңірдегі демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Жобаның мердігері – «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС. Ғимарат 200 орынға есептелген. Перинаталдық орталықтың жалпы алаңы 34 233 шаршы метрді, құрылыс алаңы 12 009 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің көлемі – 8 гектар.
Айта кетейік, Түркістан облысы халқының саны 2 миллионнан асады және өңір ел бойынша туу көрсеткіші ең жоғары аймақтардың бірі саналады. Осыған байланысты жаңа перинаталдық орталықтың іске қосылуы өңір тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік жоба болып отыр.
