Сайрам ауданында 2025 жылдың соңына дейін жалпы құны 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 1 232 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Мадияр Оразалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Ірі жобалардың бірі – автобөлшектер шығаратын «Kuzov Karabulak» ЖШС. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорынның құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Жоба толық іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы ауданның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 570 адам жұмысқа орналастырылған. Атап айтқанда, «KAZ ECO MEAT» ЖШС-ның заманауи ірі қара мал бордақылау алаңы және «MEAT MAGNAT» кооперативінің мал бордақылау кешені іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы бірнеше ірі мал шаруашылығы жобалары жүзеге аспақ.
Сонымен қатар Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 418,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 31,2 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығында 158,3 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өнеркәсіп саласында 86,3 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 78 пайызды құрайды.
Инфрақұрылым саласында да ілгерілеу бар. Аудандағы 42 елді мекен толық ауыз сумен қамтылған, табиғи газға қосылу деңгейі 92,8 пайызға жеткен. Асфальтталған жолдардың үлесі 79 пайызды құрайды. Сонымен қатар Қарасу ауылында 57 гектар аумақта жаңа тұрғын үй массивінің құрылысы басталып, онда 47 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда.
