ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

 

Сауран ауданында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Бұл шаралар өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өндірістік қуатты еселеуге мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюға қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында Ескі Иқан ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан жаңа бордақылау кешені таныстырылды. Аумағы кең бұл кешен 15 мың бас ірі қараға арналған 30 мал бордақылау кластерін қамтиды. Жоба толық аяқталған жағдайда ауданның мал шаруашылығы инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріліп, ірі өндіріс алаңының қалыптасуына жол ашады.

Жоспар бойынша келесі кезеңде аталған аумақта 10 мың басқа арналған тағы 20 қора салынады. Бұл құрылымдық кеңейту ауданның өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың мүмкіндігін кеңейтеді, өңірдегі ет өндірісін тұрақты жолға қоюға ықпал етеді.

Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтен жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлінді. 2026–2027 жылдары осы аумақтарда 292 мал бордақылау алаңын салу көзделіп отыр. Бұл – өңірдегі мал шаруашылығына тартылған инвестиция көлемін арттырып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі.

Жобаның басты ерекшелігі – инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру. Бұл тәсіл өндірістік шығындарды азайтуға, процестерді оңтайландыруға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Құрама жем, ветеринарлық қызмет, логистика және технологиялық қолдау бір жүйеге біріктіріліп, шаруаларға қолжетімді сервистік модель қалыптасады.

Аудан басшылығының айтуынша, бұл жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және өңірдің экономикалық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Жүйелі жоспарланған мал шаруашылығы инфрақұрылымы экспорттық әлеуетті де арттырып, Түркістан облысының аграрлық сектордағы рөлін нығайта түседі.

Ұқсас жаңалықтар

ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Түркістан – бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті

Түркістандық ескекшілер Азия чемпионатында 12 медаль жеңіп алды

berdaly_oraz

Созақта асыл тұқымды ірі қара өсіру жаңа деңгейге көтерілуде

berdaly_oraz