7 ақпан – «Шардара армспорт» клубының құрылғанына арналған айтулы күн. Осы мерейтойға орай Шардара қаласындағы спорт кешенінде қол күресінен ауданның ашық біріншілігі салтанатты түрде басталды. Жарысқа жергілікті спортшылар, ардагерлер, спорт жанкүйерлері мен арнайы қонақтар жиналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі, «Шардара армспорт» клубының негізін қалаушы Арман Қарсыбаев қатысып, спортшыларды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде армспорттың жастарды төзімділікке, табандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды спорт түрі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында еліміздің көк байрағын халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген «Шардара армспорт» клубының үздік спортшыларына ерекше құрмет көрсетілді. Жыл қорытындысы бойынша бірқатар спортшыларға аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ салтанатты жиында армрестлингтен жасөспірімдер арасында төрт дүркін әлем чемпионы Маманияз Жасурбекке зор сый жасалды. «Шардара армспорт» клубының спортшылары жас чемпионға 5 бөлмелі тұрғын үйдің кілтін табыстап, оның ел намысын абыроймен қорғап жүрген еңбегін жоғары бағалады.
Айта кетейік, чемпион көпбалалы, жалғыз басты ана тәрбиесінде өскен. Анасы сегіз баланы өсіріп отырған ардақты жан. Бұл қуаныш тек бір отбасы үшін ғана емес, бүкіл Шардара жұртшылығы үшін ортақ мерейлі сәтке айналды.
