ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «SAUMAL DE LUX» ТУРИСТІК-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түлкібас ауданында туризм саласының дамуы қарқын алып келеді. Өңірге келетін туристер саны артып, табиғи-рекреациялық әлеуетті тиімді пайдалану бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Солардың бірі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында салынып жатқан «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені.

Кешеннің басты ерекшелігі – табиғи емдеу мен этнографиялық туризмді біріктіру. Мұнда саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуен ұйымдастыру, ұлттық тағамдарды дәстүрлі әдіспен әзірлеу тәжірибесін қайта жандандыру көзделген. Туристер таба нанның, қолдың майының қалай дайындалатынын көріп, ерекше ұлттық атмосфераны сезіне алады.

Аудан әкімі Асқар Естібаев құрылыс алаңына барып, жұмыс қарқынымен танысты. Оның айтуынша, нысан өңірдің туристік әлеуетін айтарлықтай арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба 2026-2027 жылдары үш кезеңмен жүзеге асырылмақ.
Бірінші кезең 2026 жылы іске қосылады. Бұл кезеңде:
– жалпы ауданы 1280 шаршы метр заманауи қонақ үй;
– мейрамхана;
– жазғы демалыс алаңы;
– әрқайсысы 160 шаршы метрлік үш коттедж жұмыс істейтін болады.

Екінші кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асады. Құрылыс жоспарына:
– заманауи спорт кешені;
– жазғы бассейн;
– 10 глемпинг;
– 5 киіз үй;
– балық шаруашылығын дамыту;
– Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу;
– тау бөктерінде 1,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын салу кіреді.

Кешеннің алғашқы кезеңін 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында ашу жоспарлануда. Аймақ әкімдігі бұл нысан іске қосылғанда аудан туризмінің жаңа серпін алатынын, ал кешеннің қызметі өңір экономикасына да оң ықпал ететінін мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Saumal DE Lux» жобасы Түлкібас ауданын отандық және шетелдік туристер үшін тартымды орталыққа айналдыруға бағытталған.


Ұқсас жаңалықтар

АРЫС ҚАЛАСЫНДА «ТҮНГІ РЕЙД» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРЫ ӨТКІЗІЛУДЕ

berdaly_oraz

Түркістан облысында дауылды ескерту жарияланды

berdaly_oraz

Келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, жаңа Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді – Бақыт Нұрмұханов

berdaly_oraz