Түркістан қаласы биыл түркі кеңістігіндегі маңызды экономикалық диалогтың орталығына айналды. Қалада Түркі мемлекеттерінің ұйымы экономика және сауда министрлерінің 14-ші отырысы өтіп, оған мүше елдердің жауапты ведомство өкілдері қатысты. Кездесуде сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту, инвестициялық байланыстарды күшейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің министр орынбасарлары, ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев пен Түркі инвестициялық қоры президенті Бағдад Әміреев қатысты. Кездесудің Түркістанда өтуі символдық мәнге ие болды. Қатысушылар көне шаһардың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи рөлін атап өтіп, бүгінде оның жаңа экономикалық бастамаларға жол ашатын алаңға айналғанын жеткізді.
Тараптар соңғы жылдары өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын мәлімдеді. 2025 жылдың қорытындысында ұйым елдерінің ішкі сауда айналымы 11,9 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстан үшін ең ірі серіктестер қатарында Өзбекстан мен Түркия бар. Қырғызстан және Әзербайжанмен де тауар айналымы оң динамика көрсеткен.
Инвестициялық өзара іс-қимыл да нығайып келеді. Соңғы жиырма жыл ішінде ұйым елдерінен Қазақстан экономикасына 6,3 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Тек 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш шамамен 210 млн долларды құрады. Ал қазақстандық капиталдың түркі мемлекеттері нарығына салған инвестициясы 5 млрд долларға жуықтады. Оның ішінде 2025 жылы 1,3 млрд доллардан астам қаржы бағытталған.
