Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында тұрғын үйлер мен әлеуметтік әлсіз топтар тұратын нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау мақсатында кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш жетекшілік етті.
Рейдке қала және ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, полиция инспекторлары және газ инспекциясының мамандары қатысып, жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымындағы қауіпсіздік талаптарын пысықтады. Мамандар тұрғындарға улы газбен уланудың алдын алу, пеш пен электр құралдарын дұрыс пайдалану жөнінде нұсқаулықтар беріп, қауіпсіздік жадынамаларын таратты.
Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, талапқа сай келмейтін пештерді қолдану, жөнделмеген мұржалар, дұрыс жалғанбаған электр сымдары мен розеткалар тіркелді. Бұл жайттар бойынша хаттамалар рәсімделіп, ескерту жасалды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы тұрмыстағы немқұрайдылықтың қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, әр отбасын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай тексерістер аудан көлемінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді және алдағы уақытта да жалғасады.
Мамандар анықталған кемшіліктерді жою үшін мерзім белгілейді. Егер көрсетілген уақыт ішінде талаптар орындалмаса, үйге газ немесе электр энергиясын беру уақытша тоқтатылып, әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
