Түркістан қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының ІХ конференциясы өтті. Жиын барысында Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланып, бұл қызметке Қыдырәлі Рысбеков бекітілді.
Конференция жұмысына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жаңадан сайланған төрағаны құттықтап, Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне таныстырды. Қала басшысы жаңа басшылықтың алдағы қызметіне сәттілік тілеп, ардагерлермен бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.
Жиында ардагерлердің қоғамдағы рөлі мен олардың қала өміріне қосып отырған үлесіне ерекше назар аударылды. Қоғамдық тұрақтылықты сақтауда, жастарға тәрбие беруде және әлеуметтік бастамаларды қолдауда ардагерлер қозғалысының орны айрықша екені айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Берекелі қоғам» тұжырымдамасымен өзара үндесетіні атап өтілді.
Қала әкімі өз сөзінде ардагерлердің еңбегіне жоғары баға берді.
– Ардагерлер – қоғамның алтын қоры. Сіздер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятының қалыптасуына ұзақ жылдар бойы адал қызмет еттіңіздер. Сондықтан да ардагерлердің орны қашанда биік, пікірі әрдайым құнды, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Сонымен қатар, қала басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көтерілген мәселелерге және алдағы парламенттік реформаларға тоқталып, ардагерлерді аталған бастамаларды қоғам арасында кеңінен талқылауға және белсенді қолдауға шақырды.
