ТҮРКІСТАНДА «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛДЫ,-деп хабарлайды Арысинфо.кз.

Түркістан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына 20 жыл толуына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде бұл корпорацияның құрылуы еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелгенін атап өтті. Оның айтуынша, 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген «бір терезе» қағидаты халыққа қызмет көрсетудің жаңа мәдениетін қалыптастырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара байланысты жеңілдетті.

– «Азаматтарға арналған үкімет» – мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең маңызды реформалардың бірі. Бүгінде 20 жылдық тәжірибесі бар бұл құрылым халық пен билік арасындағы сенімді көпірге айналды. Түркістан облысы – халқы ең көп өңір, сондықтан мұнда көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі айрықша маңызға ие. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің нәтижесінде тұрғындар мемлекеттік қызметтерді уақытылы әрі сапалы алып отыр. Бұл – кәсібиліктің, жауапкершіліктің және адал қызметтің көрінісі, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі корпорация қызметкерлері мен сала ардагерлеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, цифрландыру үдерістерін жеделдету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар өңір әкімдігі бұл саланы дамытуға әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

Жиын барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек сөз алып, саладағы үздік қызметкерлерді марапаттады. Ол корпорацияның 20 жыл ішіндегі қалыптасу кезеңдері мен қол жеткізген нәтижелеріне тоқталып, қызметкерлердің еңбегі ұйым дамуының негізгі тірегі екенін айтты. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2005 жылы халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматын енгізу мақсатында құрылған. Осы уақыт ішінде мекеме мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, азаматтарға қолайлы әрі тиімді қызмет көрсету моделін қалыптастырды.

Бүгінде Түркістан облысында корпорацияға қарасты 59 қызмет көрсету ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде 26 фронт-офис пен 52 бэк-офис бар. Облыстық филиалда жалпы 1195 қызметкер еңбек етеді, олардың 533-і тікелей халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірде 928 158 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 925 622-сі дәстүрлі форматта, 2536-сы электронды түрде ұсынылған. Сонымен қатар «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы тұрғындар 1 миллионнан астам қызметті өз бетінше рәсімдеген.

Түркістан қаласының №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінде 73 146, ал №2 бөлімінде 56 828 қызмет көрсетілген. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 59 696 қызмет ұсынылып, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және нөмірлік белгілерді рәсімдеу бағыттары бойынша көрсеткіштердің артқаны байқалды.

Мерейтойлық шара мемлекеттік қызмет көрсету саласының маңызын тағы бір мәрте айқындап, сала мамандарына көрсетілген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы төңірегіндегі ең көп таралған фейктер мен манипуляцияларға шолу дайындады.

Redaktor Arysinfo

Түркістанда Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиум басталды

berdaly_oraz

Қытайдық ғалымдар TikTok-тағы виделдар адам миына зиян екенін айтып дабыл қақты

berdaly_oraz