Түркістан облысында балалардың салауатты дамуын қолдауға бағытталған маңызды бастама жүзеге асты. Облыстық балалар ауруханасы базасында елімізде алғаш рет Супервизия үйлестіру орталығы ашылып, кәсіби медицина мамандарына тәжірибе алмасу мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік берілмек.
Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстанның 20 өңірінен келген 70-тен астам медицина қызметкері мен 6 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты. Жаңа орталық тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл ел аумағындағы дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру алаңына айналмақ.
Орталық заманауи медициналық жабдықтармен, муляждармен, интеграциялық тақталармен және жоғары технологиялық аппараттармен толық жабдықталған. Мұнда мамандар дамуында ауытқушылығы бар балалармен жұмысты үйреніп, ерте араласу әдістерін меңгере алады. Атап айтқанда, даму кешеуілі, есту қабілеті, эмоциялық және интеллектуалдық бұзылыстар, сөйлеу және тілдік қиындықтарға байланысты кешенді көмек көрсетуге басымдық берілген.
Супервизия орталығының қызметі Қазақстандағы ерте араласу жүйесіндегі инновациялық тәсілдерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайту жоспарланып отыр.