2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістан қаласында әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – инклюзивті қоғам құру және әлеуметтік теңдік орнату болса, Түркістанда бұл қағидалар іс жүзінде орындалып отыр.
Қолдауға зәру емес, қолдауға лайық жандар
Бүгінде Түркістан қаласында 12 031 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде:
-
7583 адам – жеке оңалту бағдарламасымен қамтылған.
Бұл көрсеткіш – атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі екендігін айғақтайды. Ерекше санаттағы азаматтар енді тек есепте тұрған тұлғалар емес, қоғам өміріне белсене араласып, жаңа мүмкіндіктерге ие болуда.
Әлеуметтік қызметтерге нақты қолжетімділік
2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында ерекше қажеттілігі бар азаматтардан 6325 өтініш келіп түскен. Оның 4033-і нақты құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілген. Бұл – өтініштердің 64%-ының оң шешім тапқаны.
Қамтылған қызмет түрлері мен құралдар:
-
Протез-ортопедиялық құралдар – 374 адам (60,03%);
-
Сурдо және тифлотехникалық құралдар – 203 адам;
-
Арнаулы жүріп-тұру құралдары – 227 адам (94,19%);
-
Санаторлық-курорттық емдеу – 654 адам (25,57%);
-
Жеке көмекші қызметі – 267 адам (100%);
-
Ымдау тілі маманының қызметі – 148 адам (99,33%);
-
Міндетті гигиеналық құралдар – 2160 адам (97,65%).
Осы көрсеткіштердің өзі әлеуметтік қорғау жүйесінің икемді, ашық әрі жауапты түрде жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді. Бұл қолдаулар ерекше жандардың өмір сүру сапасын арттырып, оларды қоғамнан шет қалдырмауға бағытталған нақты қадамдар.
Көлік қызметі – қозғалыс еркіндігіне жол
Көп жағдайда ерекше жандардың белсенді өмірге араласуы – қозғалыс еркіндігіне тікелей байланысты. Осыны ескерген Түркістан қаласының әкімдігі:
-
11 инватакси қызметін іске қосқан, оны 211 адам тұрақты түрде пайдаланады;
-
4 әлеуметтік такси жұмыс істейді, бұл 51 азаматқа қызмет көрсетуде;
-
Күндізгі қатынау орталығы арқылы 50 ерекше балаға тұрақты көмек көрсетіліп отыр.
Бұл қызметтердің арқасында азаматтар:
-
медициналық мекемелерге,
-
әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына,
-
оқу, мәдени, спорт нысандарына еш кедергісіз жете алады.
Көлік инфрақұрылымын осылайша бейімдеу — инклюзивті қоғамның нақты белгілерінің бірі.
Қоғамдық көзқарасты өзгертуге бағытталған саясат
Мемлекеттік бағдарламалар тек материалдық көмекпен шектелмей, ерекше жандардың қоғамға бейімделуін, қоғамдық санада оң көзқарас қалыптастыруды да мақсат етеді. Түркістан қаласында бұл бағытта:
-
арнайы күндізгі орталықтар,
-
психологиялық қолдау қызметтері,
-
мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен спорттық жобалар іске асырылып келеді.
