Түркістанда инвестициялық жобалардың жүзеге асуы талқыланды

Түркістан облысында инвесторларды тарту, оларға қолайлы жағдай жасау және жобаларды сүйемелдеу мәселелері күн тәртібінде тұр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, онда жүзеге асып жатқан және жаңа ұсынылған жобалардың жай-күйі жан-жақты сараланды.

Жиынға облыстық басқармалар басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Басқосуда аймақта атқарылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалы, кездесіп отырған проблемалары және оларды шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, жаңа бастамалар қаралып, оларды іске асырудың нақты тетіктері пысықталды.

500 млн теңгеге дейінгі жобаларға басымдық
Кеңесте құны 500 млн теңгеге дейінгі бірнеше жоба жеке-жеке талданды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде «EL KZ-2020» ЖШС-нің асфальт темірбетон өндіру жобасы қарастырылды. Ауыл шаруашылығы саласында «Абдашим» ЖК-нің 210 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бастамасы мен «TURAN MAQTA» ЖШС-нің 10 мың тонна өнімге бағытталған жобасы талқыға түсті. Сараптама барысында бұл жобалардың экономикалық тиімділігі, жергілікті нарықты қамтамасыз ету мүмкіндіктері және экспорттық әлеуеті сөз болды.

Мәселелерді шешу жолдары
Жиын барысында жобаларды жүзеге асыруда кездесетін негізгі кедергілер де айтылды. Әсіресе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу, жер учаскелерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу сынды мәселелер өзекті болып отыр. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бұл бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылатыны хабарланды.

Әрбір жобаның уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін бастамашылармен жеке жұмыс жүргізілмек. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді азайтуға ерекше көңіл бөлінуде.

Инвестициялық климатты жақсарту – басты міндет
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына бірқатар хаттамалық тапсырмалар берілді. Нақты айтқанда, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау, инвестициялық климатты жақсарту және әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар жүктелді. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.

Өңір экономикасына серпін
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, аталған жобалардың толық іске асуы аймақ экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етпек. Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру өңірдің тұрақты дамуына, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды

berdaly_oraz

Түркістан: Келесте 8 жастағы шебер ұялы телефон жөндеуді меңгеріп алған

ҰБТ-дан 140 балл жинаған түркістандық жігітке пәтер сыйланды