Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы штабтың отырысы өтті. Жиында штабтың жаңа құрамы бекітіліп, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды. Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді. Отырысқа құзырлы органдардың басшылары мен комиссия мүшелері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
Ертай Алтаевтың айтуынша, облыста балаларға қатысты туындайтын құқықбұзушылықтар мен келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін арнайы штаб құрылымы жаңартылды. Оның құрамына білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, спорт және ішкі саясат басқармаларының басшылары кірді. Штабтың міндеті – апта сайын жағдайды талдау, олқылықтарды анықтау, тиісті мекемелерге ұсыныстар беру және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру.
– Балалардың құқығын қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Барлық жауапты мекемелер өз қызметін мүлтіксіз орындауы тиіс. Біз балалардың қауіпсіздігіне төнуі мүмкін кез келген тәуекелдің алдын алуға міндеттіміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Отырыс барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова тәрбие саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Жауапты органдар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Оның ішінде:
мектептердегі алдын алу қызметін біріккен мониторинг жүйесіне көшіру;
бейресми оқушы топтарын анықтауға арналған цифрлық бақылау механизмдерін енгізу (чат мониторингі, тәуекел индикаторлары);
әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмысты жергілікті ведомстволармен бірлесе күшейту.
Жиын соңында аудан-қалалардағы атқарылып жатқан шаралар мен жүргізілген талдаулардың нәтижелері баяндалды.
