Түркістанда қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруге арналған кең көлемдегі жиын өтіп, онда саланың түйткілді тұстары мен алдағы міндеттері қаралды. Бұл талқылау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық-атқару жүйесін оңтайландыру, оны қазіргі заман талаптарына бейімдеу және барынша ізгілендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов төрағалық етті.
Кездесуде Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының бірінші орынбасары Ерлан Мұхитден баяндама жасап, өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің жай-күйіне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, департаменттің қазіргі әкімшілік ғимараттары талапқа толық сай емес және жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен бірге Түркістан қаласында 500 орындық жаңа тергеу изоляторын және 50 орынға арналған арнайы қабылдағыш салу қажеттілігі де назарға іліккен.
Саладағы инфрақұрылымды жақсарту бағытында бейнебақылау жүйесін кеңейту, №55 мекеменің қауіпсіздік нысандарын жаңарту, сондай-ақ мекеме жанындағы мектеп пен колледж ғимараттарын ведомство балансына өткізу мәселесі көтерілді. Өндірістік бағытты дамытып, сотталғандарды еңбекпен қамту тиімділігін арттыру да басты тақырыптардың бірі болды. Бұдан бөлек, №55 мекеменің әкімшілік ғимаратын жөндеу мен пробация қызметінің материалдық-техникалық мүмкіндігін жақсарту қажеттігі айтылды.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы салаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол пробацияда тұрған тұлғаларды сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыспен қамтуды күшейтуді, сондай-ақ 2025 жылғы 20 қазанда ҚР Президенті Әкімшілігі берген хаттамалық тапсырмаларды орындау үшін ҚАЖ департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті. Облыс аумағында пробация үйлерін ашу бойынша ұсыныстарды пысықтап, оны іске асыруды тапсырды.
Кеңес соңында барлық айтылған проблемалар мен ұсыныстар хаттамаға толық енгізіліп, жауапты мекемелерге белгіленген мерзім ішінде орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді. Жергілікті билік саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді.
