ТҮРКІСТАНДА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

Сурет: Түркістан обл. әкімдігі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдің мәдениет саласына жауапты басшылар мен қызметкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізіп, мәдениет пен руханиятты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде саланың қазіргі ахуалы сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер мен жоспарлар белгіленді.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуды ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде өтетін мәдени іс-шаралардың мазмұнын жаңартып, заманауи әрі креативті форматтарды енгізу қажеттігін алға қойғанын жеткізді. Ертай Алтаев жауапты сала басшыларына мәдениет саласын дамытуға арналған кешенді жоспарларды жандандырып, жұмысты жаңа деңгейге көтеруді тапсырды.

Сонымен қатар жиында Түркістанның түркі әлеміндегі рухани орталық ретіндегі мәртебесіне ерекше мән берілді. Халықаралық мәдени жобаларды тұрақты өткізу, туристерге арналған бірегей қойылымдарды әзірлеу, театрлардың ашық алаңдарда өнер көрсетуін жандандыру қажеттігі айтылды. Облыстағы үш кәсіби театрдың шалғай елді мекендерге гастрольдік сапарларды жиілетуі де міндеттелді. Бұдан бөлек, Шәмші Қалдаяқов атындағы байқау, қуыршақ театры және «TURKISTAN BOOK FAIR» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін алдағы жылы да жоғары деңгейде өткізу тапсырылды.

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбековтің мәліметінше, өңірде мәдениет саласы алты негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Атап айтқанда, театр, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, тілдерді дамыту және ономастика салалары бойынша 24 мәдени мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Биыл облыстағы үш кәсіби театрда 22 жаңа қойылым сахналанып, 498 спектакль көрсетіліп, 78 мыңнан астам көрермен қамтылған.

Сондай-ақ Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» кешенінде жыл ішінде 292 концерт пен мәдени іс-шара өтіп, 158 мыңнан астам көрермен жиналды. Мәдениет саласында цифрландыру жұмыстары да қарқын алып, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі бірқатар ірі шараларда енгізіле бастады.

2025 жылы облыстағы 24 музейде жүздеген көрме мен экскурсия ұйымдастырылып, келушілер саны 270 мыңнан асты. Кітапхана саласында да жұмыс қарқынды: өңірде 388 көпшілік кітапхана жұмыс істеп, жыл ішінде 14 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізілді, кітап қоры 6 миллионнан асты.

Жиында елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда облыстағы 807 елді мекеннің тек үштен бірінде ғана мәдениет ошақтары бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан және қала әкімдіктерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар ауданда жаңа мәдениет нысандары пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы тағы 10 мәдениет нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025–2029 жылдарға арналған мәдениет саласын дамыту жол картасы әзірленіп, алдағы жылдардағы негізгі бағыттар айқындалды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында газдандыру қарқынды жүргізілуде

berdaly_oraz

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау: Шымкентте фармацевтикалық өндірісті кеңейту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады

Redaktor Arysinfo

ҚАЗЫҒҰРТТА “QAZYGURT FEST” ГАЛА-КОНЦЕРТІ ӨТІП, 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨРЕРМЕН ЖИНАЛДЫ

berdaly_oraz