Биыл – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл. Мәдениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті шаңырақтың меретойына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров театр ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.

Театр әртістері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларға жиі шығады. Жаңа автобус – әртістер мен техникалық құрамның жол жүруін айтарлықтай жеңілдетіп, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, декорацияларды тасымалдауға да мүмкіндік береді. 25 жылдан бері театр ұжымы елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Румыния, Оман, Ресей сынды шет мемлекеттерде гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге қатысып, қазақ театр өнерін әлем сахналарында паш етіп жүр. 2017 жылы театрға Райымбек Сейтметовтің есімі ресми түрде берілді.

Қазіргі таңда облыста 3 кәсіби театр бар. Жыл басынан бері 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтыған. Әртістер жаңа қойылымдар сахналап, Түркістан халқына рухани азық сыйлап жүр. Республикалық, халықаралық театр фестивалдерінде жүлделі орындарға ие болуда.
Театр ұжымы ТҮРКСОЙ мен республикалық ауқымдағы бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері атанды. Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі өтсе, өткен жылы Бірріккен Араб Әмірлігінде өткен «Оман» Халықаралық фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді.

