Түркістанда дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық жас орындаушылар байқауының бесінші маусымы басталды. Рухани астанада өтіп жатқан өнер додасы жас таланттарға өз дарынын көпшілікке танытуға мүмкіндік беруде.
Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл – руханият пен өнердің дамуына жаңа серпін. «Түркістан дауысы» байқауы — соның нақты көрінісі. Жас орындаушылардың осындай алаңда бағын сынауы ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосады, – деді ол.
Биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам үміткер өтінім жолдаған. Іріктеуден өткен 17 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алып, екі күн бойы өз өнерлерін көрсетуде. Бірінші кезеңде үміткерлер отандық композиторлардың әнін орындаса, екінші кезеңде өз таңдауларындағы шығарманы вокалды ансамбльдің сүйемелдеуімен орындайды.
Қазылар алқасында танымал өнер майталмандары – Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов және Мейіржан Алиакбаров бар. Олар қатысушылардың дауыс мүмкіндігіне, орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және музыкалық өңдеуге баға береді.
Байқаудың басты мақсаты – талантты жастарды қолдау, қазақ музыкасының дамуына серпін беру және ұлттық эстраданың деңгейін көтеру.
Жеңімпаздар ертең марапатталады.
