Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында теміржол вокзалына іргелес аумақ пен ескі қалашық бөлігін аралап, тарихи нысандарды сақтай отырып, оларды туристік айналымға енгізу мүмкіндіктерін зерделеді. Сапар барысында теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан ғимараттардың қазіргі жай-күйі мен оларды қайта жаңғырту перспективалары талқыланды.
Облыс басшысы Абылайхан көшесіндегі «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратына арнайы тоқтап, нысанды туристік мақсатта пайдалану әлеуетін бағалады. Жер аумағы 0,35 гектарды, ал ғимараттың жалпы көлемі 735 шаршы метрді құрайды. Жоспарға сәйкес, тарихи сәулеті сақталған күйде мұражай ашып, қонақтар үшін дәмхана мен фудкорт ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл бастама қалаға келген жолаушылар мен туристер үшін тартымды демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған.
Сол сияқты Абылайхан көшесінде орналасқан «Бригадашылар үйі» ғимаратын қайта жаңғырту мәселесі де қаралды. Аумағы 0,11 гектар, ғимарат көлемі 367 шаршы метр болатын нысанда теміржол саласының қалыптасу тарихын танытатын мұражай және шағын қоғамдық тамақтану орны ашу жоспарлануда.
Тәукехан көшесінде орналасқан жергілікті маңызы бар сәулеттік нысандар кешені де назардан тыс қалмады. Жалпы аумағы 0,42 гектар болатын бұл аумақта төрт ғимарат пен 2 500 шаршы метрлік сквер орналасқан. Жобалық тұжырымдамаға сәйкес, ғимараттардың архитектуралық ерекшеліктері сақталып, музейлік кеңістікке айналдырылып, теміржол тақырыбындағы мәдени-танымдық сквер ретінде абаттандырылмақ.
Аталған жобаларды жүзеге асыру Түркістан қаласының туристік келбетін күшейтіп, теміржол маңындағы аумақты мәдени және тарихи бағыттағы жаңа туристік аймақ ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тарихи мұраны сақтай отырып, заманауи инфрақұрылыммен ұштастырылған бұл бастамалар қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орта қалыптастырады деп күтілуде. Қазіргі таңда ұсыныстар жан-жақты талданып, алдағы уақытта нақты шешімдер қабылданбақ.
Айта кету керек, Түркістан теміржол вокзалы – еліміздегі ең көне вокзалдардың бірі. 1904 жылы салынған бұл нысан ғасырдан астам уақыт бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етіп келеді. Теміржолдың салынуы қала аумағының кеңеюіне, жаңа қоныстардың қалыптасуына және туристік ағынның артуына елеулі әсер етті. Вокзал маңындағы тарихи ғимараттар өткен ғасырдың сәулет үлгісін бүгінгі күнге дейін сақтап, Түркістанның бай тарихынан сыр шертіп тұр.
