Түркістанда триатлонды дамыту мәселелері талқыланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майермен кездесті. Келіссөз барысында аймақта триатлонды өркендету, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ Азия кубогын Түркістанда өткізу жайы сөз болды.

Ертай Алтаев өңірдегі спорт инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқанын, соның ішінде триатлонның айрықша назарда тұрғанын атап өтті.

– Түркістан – түркі халықтарының рухани орталығы. Сізді осында көргенімізге қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын қолдауға айрықша мән беріп отыр. Біз де бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарудамыз. Триатлон – жүзу, веложарыс және жүгіруден тұратын төзімділікке сын түрі. Өңірде бұл спорт түрінің дамуына жақсы жағдай жасалып келеді. Біз кез келген тиімді бастамаларға ашықпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сергей Майер федерацияның қазіргі жетістіктерін таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, биыл Түркістанда өтетін триатлоннан Азия кубогын жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл жарысқа шетелден де мықты спортшылар қатысады деп күтілуде.

Кездесу соңында тараптар өңірде триатлонды танымал ету және спортшылардың шеберлігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Мұндай серіктестік жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуына ықпал етпек.

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысының триатлоншылары республикалық және әлемдік деңгейдегі бәсекелерде 1 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлдені иеленген. Бұл – өңір спортының әлеуетін айқын көрсететін көрсеткіштердің бірі.

Түркістанда триатлонның дамуына қолайлы климат пен табиғи жағдай да оң әсер етеді. Көктем мен күз айларында ашық аспан астында жаттығу өткізу мүмкіндігі бар, ал жазда су спортына қажетті инфрақұрылым толық қолданылады. Спорттық базалар мен жол инфрақұрылымын жетілдіру арқылы халықаралық стандарттарға сай жарыстар өткізуге мүмкіндік кеңеймек.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта триатлон орталығын құру, жастар арасында спорттың осы түрін насихаттау және балаларға арналған дайындық секцияларын көбейту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, өңірде триатлон бойынша жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылмақ.

Мамандардың айтуынша, триатлон – тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқойлар үшін де тартымды. Сондықтан алдағы жарыстар тек спорттық бәсекелестік емес, салауатты өмір салтын дәріптеудің де алаңы болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Кеурекке көз алартқандарға тосқауыл бар ма?

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАН-ҚАЛАЛАРЫНДА КӨРІСУ КҮНІНЕ ОРАЙ ЧЕЛЛЕНДЖ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

«Үш үміткер-үш бағдарлама,бір мақсат» Монтайтас ауылдық округіне жаңа әкім сайлануда

berdaly_oraz