Түркістанда «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» атты форум өтіп, панельдік және пленарлық сессиялар ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, цифрлық трансформация жағдайында экономикалық тұрақтылықты сақтау мәселесіне тоқталды.
Өңір басшысы жаһандық цифрландыру кезеңінде мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру, бюджет қаражатын тиімді жұмсау және қаржылық қауіпсіздікті нығайту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы жалпыхалықтық референдум аясында Конституция жобасында цифрлық құқықтар мен «цифрлық егемендік» ұғымына ерекше мән берілгенін айтты.
Форумның пленарлық отырысын Ернар Тайжан модерациялады. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселесін көтерді. Сондай-ақ ҰҚК-нің облыстық департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және облыстық полиция басшылығы цифрлық қылмыстармен күрес тетіктері жөнінде баяндады.
Білім беру саласының өкілдері де пікір білдірді. Қазақстан-Британ техникалық университеті ректоры Маратбек Ғабдуллин жоғары оқу орындарының қаржылық қауіпсіздік саласына мамандар даярлаудағы рөлін атап өтті. Ал Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Цифрландыру департаментінің басшысы Мұрат Джакин агенттік жүзеге асырып жатқан цифрлық жобалар мен деректерді талдау жүйелері туралы ақпарат берді.
Жиында blockchain технологияларын дамыту, жасанды интеллектіні қаржылық мониторинг пен құқық қорғау жүйелеріне енгізу, деректерді тиімді пайдалану және киберқылмыстың алдын алу бағыттары кеңінен талқыланды.
Форум мемлекеттік органдар, сарапшылар және ІТ саласы өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қаржылық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған нақты бастамаларды пысықтауға мүмкіндік берді.
