Түркістанда педагогтарды жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға үйретуге бағытталған жаңа жоба – «Ustazga AI: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» таныстырылды. Жиын «Конгресс холл» кешенінде өтіп, білім беру саласының барлық деңгейіндегі басшылар мен мамандарды біріктірді.
Кездесуге «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Daryn.online» бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» компаниясының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны басым бағыттар ретінде атап өткенін еске салып, өңірде осы бағытта нақты шаралар қолға алынғанын айтты. Оның сөзінше, облыста информатика, STEM және робототехника кабинеттерін жабдықтау қарқынды жүріп жатыр.
Жиында «AMANAT» партиясы биыл іске қосқан «Цифрлы қоғам» жобасының аясында педагогтарды қолдау басты бағыттардың бірі екені атап өтілді. Ұстаздарға арналған жаңа платформа жасанды интеллектті оқу процесінде тиімді пайдалануға, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтуға және білім беру сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
«Daryn.online» және «Daryn Ustaz» компанияларының спикерлері «Ustazga AI» платформасының функционалы мен артықшылықтарын таныстырып, жасанды интеллекттің педагог жұмысына қалай көмек болатынын түсіндірді.
Жоба Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес әзірленген. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асатын бағдарлама ұстаздарға арналған тегін онлайн курстарды, цифрлық құзыреттілікті арттыруды және жасанды интеллект құралдарын сабақта қолдану жолдарын қамтиды.
Кездесуді қорытындылаған партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев жасанды интеллектті білім жүйесіне енгізу – уақыт талабы екенін айтып, жаңа технологиялардың Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік ашатынын атап өтті.
