Түркістанда «WorldSkills Turkistan-2025» облыстық чемпионаты аяқталды

Түркістанда «WorldSkills Turkistan-2025» облыстық чемпионаты аяқталды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Түркістан облысында жұмысшы мамандықтар жылына орай өткізілген «WorldSkills Turkistan-2025» кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік студенттері анықталып, 36 құзыреттілік бойынша республикалық кезеңге жолдама алды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, студенттерге сәттілік тіледі.

– «WorldSkills» байқауының аймақтық іріктеуі табысты аяқталды. Біздің өңір жыл сайын республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Өткен жылы Түркістан облысы 6 жүлделі орынды иеленген болатын. Биылғы жеңімпаздарға үлкен үміт артамыз. Түркістан тек рухани емес, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен туризм салалары бойынша да серпінді дамып келеді. Осы бағытта техникалық және кәсіптік білім беруге ерекше көңіл бөлудеміз. Биыл 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, жаңа 11 мамандық бойынша лицензия алуды жоспарлап отырмыз, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Айта кетейік, кәсіби шеберлікті арттыруды мақсат еткен «WorldSkills» қозғалысы елімізде оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы чемпионатта 317 студент бақ сынап, олардың жұмысын 314 сарапшы мен 36 бас сарапшы бағалады. Байқау 36 бағыт бойынша өтті. Олардың қатарында «Агрономия», «Аспаз ісі», «Веб технологиялар», «Бастауыш білім беру», «Дәнекерлеу технологиялары», сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған «Абилимпикс» жобасы аясындағы «Графикалық дизайн» және «Сән технологиясы» құзыреттіліктері бар.

WorldSkills қозғалысының басты мақсаты – халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялы өндірістер үшін білікті кадрлар даярлау, еңбек өнімділігін арттыру және сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан инвестиция мен туризмнің жаңа белесі

berdaly_oraz

АЭС — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің кепілі

admin_arysinfo

Сайрам ауданында жаңа шағынауданның құрылысы басталды

Пікір жазу