Түркістан облысында әлеуметтік бастамалар жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Бұл – өңір басшысы Нұралхан Көшеров пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева арасындағы кездесудің басты өзегі болды.
Кездесу барысында қордың үш жылдық жұмысы мен Түркістандағы ірі жобалар сараланды. Денсаулық сақтау, білім беру мен әлеуметтік қолдау бағыттарында жүзеге асқан жобалардың ауқымы таңдай қақтырады. 8 миллиард теңгеден астам қаржыға 20-дан аса әлеуметтік маңызы бар бастама іске қосылған.
Облыста балалар нейрохирургиясы, шала туған сәбилерге арналған офтальмологиялық скрининг, сирек кездесетін дерттерге қарсы ем-дом және генетикалық диагностика салаларында тың серпін байқалады. Қымбат дәрі-дәрмектер мен жоғары сапалы протездер де халыққа қолжетімді бола түскен.
Білім беру саласындағы жаңалықтар да назар аудартады: мыңдаған ауыл балаларына гранттар беріліп, мектептерге жаңа сыныптар, робототехника кабинеттері ашылған. Жазғы демалыс лагерлерінде 40 мыңнан астам бала тыныққан.
Тіпті ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтар да ашылып, аудандардағы спорт инфрақұрылымы жаңғыртылған. Бұл – қор мен облыс арасындағы нақты әрі нәтижелі серіктестіктің көрінісі.
– Түркістан – еліміздегі халқы тығыз орналасқан, әлеуеті зор өңір. Осы аймаққа бағытталған әрбір жоба – ел болашағына қосылған үлес. Қор тарапынан қолдау жалғаса береді, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Өз кезегінде Нұралхан Көшеров те қор жұмысына жоғары баға беріп, алдағы уақытта да бірлескен бастамаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.