Түркістанға әлемдік компанияның қызығушылығы артып келеді

Түркістан облысы шетелдік бизнес орталықтарының назарында. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров пен Дубайда орналасқан халықаралық құрылыс және инвестициялық компания United Global LLC президенті Фуад Насрдың кездесуі осының дәлелі болды.

Әңгіме барысында тараптар өңірдің экономикалық әлеуетін пайдалана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Облыс әкімі шетелдік инвесторларға жасалып отырған қолайлы жағдайларды атап өтіп, Түркістанның тек тарихи-мәдени орталық емес, сонымен қатар Қазақстандағы ірі экономикалық аймақтардың бірі екеніне тоқталды.

– Түркістан облысы республикадағы уран өндірісінің негізгі орталығы болып саналады. Бұл – әлемдік маңызы бар стратегиялық ресурс. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында да өңіріміз көш бастап тұр. Табиғи байлығымыз мол, аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетіміз жоғары. Туризм, әсіресе экотуризм бағыты жыл сайын дамып келеді. Бүгінде біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым мен әкімшілік қолдауды толық ұсынып отырмыз. Сондықтан біз халықаралық серіктестікке әрдайым ашықпыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде United Global LLC басшысы Фуад Наср Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктерін оң бағалап, өңірде тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және қонақүй бизнесі салаларында жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Компанияның әлемдік нарықтағы тәжірибесі мол. Олар бұған дейін Crowne Plaza Batumi (Грузия), Torch Tower және Sofitel Palm Jumeirah (Дубай), сондай-ақ Hamad Hospital (Катар) сынды ірі жобаларды табысты іске асырған. Құрылыс пен жобалық басқару саласында өзін сенімді серіктес ретінде танытқан United Global LLC бүгінде Орталық Азия нарығына шығуды көздеп отыр.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысының инфрақұрылымдық даму жоспары мен инвестициялық тартымдылығын кеңінен талқылады. Әкімдік өкілдері жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы артықшылықтарды ұсынды.

Фуад Насрдың айтуынша, United Global LLC заманауи технологиялар мен жоғары стандарттарға сүйене отырып, Қазақстандағы алғашқы жобаларын Түркістаннан бастауға ниетті. Бұл – өңірге инвестиция тартудың жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.

Кездесу соңында тараптар нақты бағыттарды пысықтап, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.

United Global LLC пен Түркістан облысы арасындағы серіктестік болашақта өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейде экономикалық көпір орнатуға септігін тигізбек.

 

Бердалы ОРАЗ(тілші)

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында газдандыру қарқынды жүргізілуде

berdaly_oraz

Елімізде той жасағандар да салық төлеуі мүмкін

berdaly_oraz

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

admin_arysinfo