«Xinjiang Lihua» Қазақстандағы инвестициясын 600 млн долларға дейін арттырмақ

Қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясы Қазақстандағы жобаларына салынатын инвестиция көлемін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отыр. Астанада өткен кездесуде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек және компанияның бас директоры Сюй Цзе Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мақта-тоқыма кластерінің барысын және оны кеңейту мәселелерін талқылады.

Аталған жоба мақта өсіруден бастап, оны алғашқы өңдеу, иірімжіп пен тоқыма өнімдерін шығару, сондай-ақ тамшылатып суару жүйелері мен оған қажетті материалдарды өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Жалпы алғанда, кластер аясында онға жуық өндіріс нысанын іске қосу көзделген.

Бастапқыда инвестиция көлемі 450 млн АҚШ доллары деп белгіленген еді. Алайда өндіріс ауқымын кеңейту жоспарына байланысты компания салым көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға дайын екенін растады.

Қазірдің өзінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағында ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылған. Сонымен қатар иіру фабрикасында жабдықтарды орнату аяқталуға жақын, екі мақта тазалау зауыты жұмыс істеп тұр, ал тамшылатып суару ленталарын өндіретін кәсіпорында монтаждау жұмыстары жалғасуда. Барлық өндіріс нысандарын толық пайдалануға беру 2026 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Жоба іске асқан жағдайда өңірде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлібек Қуантыров бұл бастаманың өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және «Made in Kazakhstan» брендімен өнім экспортын күшейтуге зор үлес қосатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет жобаның уақтылы іске асуына мүдделі және инвесторға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Ал компания басшысы Сюй Цзе инвестиция көлемінің артуы «Xinjiang Lihua»-ның Қазақстанға ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарайтынын көрсететінін жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан экспортқа бағытталған өндірісті дамыту үшін негізгі алаң ретінде таңдалған.

Кездесу қорытындысында тараптар мемлекеттік органдар мен «Kazakh Invest» қолдауымен жобаны белгіленген мерзімде толық іске асыру және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 16-шы «Жас сақшы» сыныбы ашылды

berdaly_oraz

2025 жыл Arysinfo үшін несімен есте қалды?

berdaly_oraz

Түркістан облысында қаруды қабылдап алу акциясы басталды