Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың өкімімен қызметке келген жаңа орынбасарды қала активіне таныстыру барысында оған жетекшілік ететін салалар бойынша бірқатар нақты міндет жүктелді. Әсіресе, жұмысты жүйелі ұйымдастыру, тұрғындармен тығыз байланыс орнату және алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Әрине, жаңа қызметке тағайындалған маманға артылған сенімнің жүгі жеңіл емес. Өйткені Арыстың алдында шешімін күткен мәселелер аз емес. Қала мен ауылдық округтердегі инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру – күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттер.
Самат Жандарұлының бұған дейінгі еңбек жолы кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласымен тығыз байланысты. Ол 2014 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасында бастап, түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
2018 жылы Түркістан облысы құрылғаннан кейін де осы саладағы жұмысын жалғастырып, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағытында тәжірибе жинақтады. 2019–2023 жылдары Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасында кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болды. Кейін кәсіпкерлікті дамыту бөлімін басқарып, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы уақытта Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары болған.
Бұл тәжірибе Арыс қаласының экономикалық әлеуетін арттыруда, шағын және орта бизнесті қолдауда, инвестициялық жобаларды ілгерілетуде тиімді пайдаланылуы тиіс. Себебі кәсіпкерлік дамыған жерде жұмыс орындары көбейіп, халықтың табысы артады. Ал экономикалық белсенділік – қаланың тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі.
Дегенмен, қызметке тағайындалу – жұмыстың бастамасы ғана.
