Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында әлеуметтік көмекті әділ бөлу, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қаралды.
«Отбасының цифрлық картасы» арқылы 20 миллионнан астам азамат пен 6,2 миллион үй шаруашылығының деректері біріктірілген. 2025 жылы 480 мыңнан астам отбасының әл-ауқаты жақсарса, 2026 жылдың басынан бері тағы 464 мыңнан астам отбасы жоғары әл-ауқат санатына ауыстырылған.
Әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 14-іне қатысты өзгерістер енгізіледі. Ал көмекке мұқтаж азаматтар үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау тәртібі сақталады. Тұрмысы жоғары азаматтар жәрдемақыдан eGov Mobile арқылы ерікті түрде бас тарта алады.
Сонымен қатар еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы арқылы 99 мыңнан астам кәсіпорын бақылануда. Нәтижесінде тәуекелі жоғары 2 792 және орташа деңгейдегі 3 137 кәсіпорын анықталған.
Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын арттырып, цифрлық шешімдерді жетілдіруді және әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
