ТОҚАЕВ: «БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ – КЕЛЕР ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІМІЗ»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеп, табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, БҰҰ Биоалуантүрлілік жөніндегі конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтты.

Президент өз сөзінде табиғи ресурстарды сақтау мен биоалуантүрлілікті қорғау – адамзаттың болашағына тікелей әсер ететін маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамның тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы шөлейттену, су тапшылығы және жердің тозуы секілді экологиялық проблемалардың жаһандық сипат алғанына назар аударды. Бұл мәселелер жекелеген мемлекеттердің шекарасымен шектелмей, орнықты дамуға кедергі келтіріп, халықаралық тұрақтылыққа да әсер етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық сын-қатерлерді еңсеру үшін мемлекеттердің күш-жігерін біріктіріп, нақты нәтижеге бағытталған ортақ шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ табиғатты қорғау мәселесінде саяси қайшылықтардан жоғары тұратын, өзара сенім мен шынайы серіктестікке негізделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Президенттің пікірінше, биоалуантүрлілікті сақтау – тек бүгінгі күннің міндеті емес, сонымен бірге келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Табиғи тепе-теңдікті қорғау, су мен жер ресурстарын ұтымды пайдалану және экологиялық мәселелерге бірлесіп әрекет ету адамзаттың ұзақмерзімді қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін аса маңызды.

Саммитте көтерілген мәселелер жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және табиғатты қорғау бағытындағы нақты іс-қимылдарды жандандыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Арыс қаласында бюджет кірісін ұлғайтуға бағытталған рейдтік түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр

berdaly_oraz

Шымкент пен Инчхон арасында тікелей әуе рейсі ашылды