Сурет: Жетісай қ. әкімдігі
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан аумағында құрылысы аяқталған бірқатар әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстардың сапасымен танысты.
Аудан басшысы алдымен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы департаментіне қарасты, Мақтаарал ауданы аумағындағы «Жаңа ауыл» шекара бөлімшесінде болды. Мұнда табиғи газға көшірілген жаңа жылу қазандықтары іске қосылды. Бұған дейін көмірмен жылытылған бөлімшеде енді ішкі жылу жүйелері толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай жағдай жасалған. Бұл өзгеріс шекарашылардың қызметіне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу барысында аудан әкімі ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметкерлерге алғыс білдіріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мемлекеттік шекараны қорғау – үлкен жауапкершілік пен отансүйгіштікті талап ететін абыройлы міндет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Серік Мамытов Жылы су ауылдық округінде жаңадан салынған мәдениет үйін аралады. 110 орынға лайықталған бұл нысан заманауи сахнамен, қауіпсіздік жүйелерімен, кітапханаға қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Жылу және ауыз су жүйелері де талапқа сай жүргізілген. Мердігер мекеме аумақты абаттандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен атқаруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, аудан көлемінде мәдениет нысандарын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қызылқұм мен Ынтымақ ауылдық округтерінде жаңа мәдениет үйлерінің құрылысы басталса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше ауылдағы мәдениет үйлері мен спорт кешендеріне күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі таңда Қазыбек би ауылдық мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
