Сурет: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта іске асатын инвестициялық жобаларды талқылады. Кездесуде облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері жоғары екенін атап өтіп, шетелдік капитал үшін сенімді әрі ашық әріптес бола алатынын жеткізді.
Әкімнің айтуынша, өңірде бірлескен әрі өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Шетел азаматтарына жер берілмейтіні нақты айтылғанымен, мемлекетпен немесе жергілікті шаруалармен серіктестік негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Басты талап – нақты нәтиже мен тұрақты өндіріс.
Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы Асықата кентінде қытайлық тәжірибе негізінде су үнемдеу технологияларын өндіруге бағытталған ірі агроөнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып жатыр. «Altyn kun group» ЖШС бастамасымен индустриалды аймақта жалпы аумағы 8 гектар болатын кешен салынуда. Жобаның алғашқы кезеңінде 4 гектар жерге қуаттылығы жылына 3000 тонна ПВХ құбырын өндіретін зауыт іске қосылды. Сонымен қатар жылына 3 млн метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталу сатысында тұр.
Алдағы уақытта қалған 4 гектар аумақта агрономикалық пленка мен гранула өндіретін зауыттар іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі 10 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба толық іске асқанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Компания құрылтайшысы Лю Кесонг қысқа мерзімде алғашқы өндірістік желіні іске қосқанын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың қолдауына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ смарт агротехнологияларды енгізу жоспарымен бөлісті.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Соның нәтижесінде 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал Жетісай ауданында осы кезеңде 42,4 млрд теңге инвестиция игеріліп, нақты көлем индексі 110,6 пайызға жетті.
