Жетісайда суға түсу қауіпсіздігін арттыру мақсатында каркасты бассейндер орнатылуда,деп хабарлайды Арысинфо.
Жетісай ауданында жазғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп жатыр. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен жүргізілген тексеріс барысында судағы қауіпсіздікке байланысты бірқатар кемшіліктер анықталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұған дейін де су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілген болатын. Атап айтқанда, каналдар мен арық-атыздарға жақын орналасқан елді мекендерде суда шомылу ережелері, алғашқы көмек көрсету тәсілдері туралы ақпараттық үнпарақтар таратылып келеді.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ауданда 36 жерде «Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылып, 17 аумаққа тросс тартылған. Сонымен қатар, 85 мектепте оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда, барлық ескерту шараларына қарамастан, белгіленбеген орындарда суға түскен екі азаматқа әкімшілік айыппұл салынған.
Жергілікті бюджет есебінен 26 каркасты бассейн сатып алу жоспарланып, соның 13-і ауылдық округтерге пайдалануға берілген. Бұл бастама — тұрғындарды қауіпсіз ортада шомылуға бағыттаудың бір жолы.
«Судағы апаттың алдын алудың ең сенімді тәсілі — қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау», — деген аудан әкімі Серік Мамытов, рұқсат етілмеген шомылу орындарында кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жұмыстар аудан әкімдігі, полиция, төтенше жағдайлар және білім бөлімдерінің бірлескен бақылауында болады.