Сурет: reuters
Иранда бірнеше аптадан бері жалғасып жатқан жаппай наразылықтар барысында қаза тапқандар саны шамамен 2 мың адамға жеткен. Бұл туралы Reuters агенттігі ирандық ресми дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Қаза болғандардың қатарында бейбіт тұрғындармен бірге қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлері де бар.
Сонымен қатар, АҚШ-та орналасқан HRANA ирандық құқық қорғау ұйымы 28 желтоқсаннан бері 1 847 наразылыққа қатысушы мен 135 күштік құрылым өкілі мерт болғанын мәлімдеді. Алайда бұл мәліметтерді тәуелсіз түрде растау мүмкін болмай отыр. Себебі елде шетелдік БАҚ-тың жұмысына қатаң шектеу қойылған, интернет байланысы да толық өшірілген.
Құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге қарсы оқ-дәрі қолданған, мыңдаған адам қамауға алынған. Ал ирандық мемлекеттік БАҚ елдегі жағдайдың тұрақталғанын алға тартқанымен, BBC журналистеріне жолданған бейнематериалдар кейбір өңірлерде наразылықтың жалғасып жатқанын көрсетеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға үндеп, «көмек жолда» екенін мәлімдеген. Бірақ оның нақты нені меңзегені айтылмады.
Еске салайық, Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсанда күнкөріс деңгейінің күрт қымбаттауына байланысты басталып, кейін 1979 жылғы Ислам революциясынан бері билікте отырған діни жүйеге қарсы саяси сипат алды. Ал Иран билігі тәртіпсіздіктерге АҚШ пен Израильді айыптап, сыртқы араласу болған жағдайда қатаң жауап беретінін ескерткен.
