Сурет: gettyimages.ru / Автор: Бердалы Ораз
Интернет кеңістігінде «тылсым күш арқылы болашағыңды айтып беремін», «өткен өміріңді ашып, тағдырыңды өзгертемін» деген уәделерді қару еткен бақсы-балгерлер мен көріпкелдер күн санап көбейіп келеді. Әлеуметтік желілерді, әсіресе Instagram платформасын жайлаған бұл жалған сәуегейлер халықтың аңғалдығы мен үмітін оңай олжаға айналдырып отыр.
Редакция тілшісінің назарына да осындай парақшалар ілікті. Алғашында қызығушылықпен бір «балгерге» хабарласып, көрсеткен қызметі үшін ақысын алдын ала аударған. Алайда ақша қолына тиген соң, әлгі көріпкел байланысын үзіп, мүлде жауапсыз қалдырған. Кейін басқа да емші-көріпкелдермен хат алмасу барысында бұл әрекеттің жеке бір жағдай емес, тұтас жүйеге айналған алаяқтық екені белгілі болды. Әдемі сөз, жалған уәде, қолдан жасалған «тылсым күш» – бәрі бір сценарий.
Бұл парақшалардың ортақ бір сипаты бар: жалған аккаунттар, ойдан құрастырылған «клиенттердің» алғысқа толы пікірлері, эмоцияға құрылған әсерлі мәтіндер. «Көзбен көрмей, сөзге сенбе» дегенді естен шығарған жұрт осындай жасанды пікірлерге алданып, қалтасындағы соңғы тиынына дейін ұстатып жатыр. Әсіресе қиын жағдайға тап болған, психологиялық тұрғыда әлсіз әйел адамдардың жиі құрбанға айналуы – алаяқтардың ар-ұяттан жұрдай екенін аңғартады.
Дін тұрғысынан да бұл әрекет ақталмайды. Исламда бал аштыру, сәуегейлікке жүгіну – күнә саналады. «Болашақты бір Алла ғана біледі» деген қағида бар. Демек, тек бал ашушы ғана емес, оған сеніп барған адам да қателікке бой алдырады. Алайда мәселенің ең қауіпті тұсы – сенім мен үмітті саудаға салған алаяқтардың еш жазасыз, ашық түрде әрекет етіп отырғаны.
«Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, бақылау мен жауапкершілік күшеймесе, ертең кез келген адам карта ұстап, құмалақ шашып, өзін «қасиетті күш иесі» деп жариялап шыға келмесіне кім кепіл? Бүгін алданған бір адам, ертең тағы біреуін ескертпесе, бұл дерт қоғамды іштен ірітеді.
Сондықтан халық та сақ болуы тиіс, ал тиісті органдар мұндай ашық алаяқтыққа көз жұма қарамауы керек. Өйткені сенім – ең қымбат құндылық. Ал оны саудаға салу – ең ауыр қылмыс.
